Семейліктер сарбаздарды салтанатты түрде қарсы алды

Абай облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаменті жас жауынгерлерді салтанатты түрде қарсы алу шарасын ұйымдастырды.

Осыдан тура бір жыл бұрын осы теміржол бекетінен мерзімді әскери қызметке сарбаздарымызды жіберген болатынбыз. Бүгін міне Отан алдындағы борыштырын өтеген осы сарбаздарды қарсы алып отырмыз. Олар өз міндеттерін абыроймен орындап үйлеріне оралды, — дейді Абай облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Қанат Шарипханов.

Ата-аналар сарбаздарды әскери оркестр әуенінің сүйемелдеуімен қарсы алып, темір жол бойы нағыз мерекелік алаңға айналды. Бұл күні еліміздің батысында мерзімді әскери борышын өтеп келген 30 сарбазды қарсы алды. Әскерден келген сарбаз Дарын Жұбатхановтың 85 жастағы әжесі Клара Жұбатханова өзінің шынайы қуанышымен бөлісті.

Балаларымыз Отан алдындағы борыштарын орындап, аман-есен келді. Алдағы уақытта ойлаған ойларыңа, аңсаған армандарыңа жетіңдер. Қазақстанның келешегі сендердің қолдарыңда. Бүгін баламның ер жетіп есейгенін көріп қуанып тұрмын, — деді сарбаздың әжесі.

Теміржол бойындағы осы сәтке куә болғандардың бәрі қуанды. Сарбаздарға балаларда қызыға қарады. Айта кетейік, Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздардың енді жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндіктері бар.

Сурет: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі