
“Сағынышымыз басылар емес”: Ринат Зайытов Арман Дүйсеновті еске алды
10.10.2026
Айтыскер ақын Ринат Зайытов Оралда өткен еске алу кешінде марқұм композитор Арман Дүйсенов туралы естелігін бөлісіп, оған арнаған өлеңін оқыды, деп хабарлайды Malim.kz.
Кеш барысында ақын композитордың шығармашылық қабілеті мен адамдық болмысына тоқталды. Оның айтуынша, Арман Дүйсенов көзі тірі болғанда, өнер иесіне арналған кеш әлдеқайда ауқымды өтер еді.
"Арман аға тірі болса, бұл кеш бұл жерде өтпейтін еді. Сіздерге бұл жерде орын болмайтын еді. Ол Астанада, стадионда, байлары бар, Бағланы бар, әншісі бар, продюсері бар – бәрі жиналған кеш болатын еді. Ортасында Арман аға отырады. Бірақ ол Арман ағамыз бар болса", – деді Ринат Зайытов.
Ақын бүгінде композитордың туған өлкесі – Ақжайық жұрты оны ерекше құрметпен еске алып, рухына тағзым етіп отырғанын айтты. Арман Дүйсеновке арнаған өлеңі арқылы досына деген сағынышын жеткізді.
Ринат Зайытов кім?
Ринат Зайытов — қазақстандық айтыскер ақын, актер және ән мәтіндерінің авторы. 1983 жылғы 17 қарашада Аягөз өңірінде дүниеге келген. Көпшілікке айтыстағы өткір ойлары мен әлеуметтік мәселелерді көтеретін жырлары арқылы танылған.
Өнер саласында басшылық қызмет те атқарған: 2021 жылы Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры болып тағайындалған.
Источник: Malim · Алуа Әшірбекова
