
Камерадан кездейсоқ көрген: Алматыда жалғызбасты ер адамның өліміне қатысты тың деректер айтылды
12.10.2026
Алматыда жантүршігерлік қылмыс әшкере болды. 61 жастағы жалғызбасты ер адамды өз пәтерінде өлтіріп кеткен. Бұл іс бойынша төрт күдікті ұсталды. Қаскөйлердің бірінің мәйітті үйден алып бара жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Топтасып жасалған қанды қылмыс қыркүйектің 29-нан 30-на қараған түні болған. Алғашында адам өлгенін ешкім аңғармапты. Арада он шақты күн өткен соң ғана көршілердің бірі пошта жәшігінің кілтін жоғалтып, бейнебақылау камерасын қараған кезде ғана сұмдықты байқаған.
Марқұм 61 жаста болған екен. Ішімдікке әуес еді, дейді көршілері. Туыстарымен араласпаған көрінеді. Мұндағы тұрғындар оны тек сырттай таныған. Оқиға болған түні ешкім айқай-шу естімепті. Бірақ марқұмның киім-кешегін, бейтаныс адамның сыртқа шығарып жатқанын көргендер бар екен.
"Біз осында орындықта отыратынбыз, ол кісіні көріп жүрдік. Мінезі сабырлы еді. Кешкісін дүкенге шығып, жейтін бірдеңе сатып алып келетін. Әрине, ішімдік ішкенді жақсы көретін. Сенбі күні оның заттарын тасып жатқанын көрдік. Сөйтсек, пәтерді сатып жіберген екен. Кейін мына бейнежазбаны көріп, полиция шақырдық", – дейді марқұмның көршісі Надежда Сычова.
Басына пакет кигізілген ер адамды иығына салып, есіктен емін-еркін шығып бара жатқан қаскөйдің әрекеті желіде тарап, жұрттың үрейін ұшырды. Кейін полиция бірден іс қозғап, төрт күдіктіні қамауға алды. Оның біреуі әйел көрінеді. Қылмыс марқұмның үш бөлмелі пәтерін иелену үшін қасақана жасалған болуы мүмкін.
"Алматыда 61 жастағы тұрғынның өліміне қатысты полиция төрт адамды ұстады. Тергеуде қылмыстың мән-жайы анықталып, күдіктілердің жеке басы және олардың марқұмның пәтерін заңсыз иеленуге қатысы болуы мүмкін екені белгілі болды. Қазір жедел іздестіру және тергеу жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі ең тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел тергеу тобын құрды", – делінген қалалық ПД хабарламасында.
Ер адам пәтерде жалғыз өзі тұрыпты әрі психикалық ауытқуы болған көрінеді. Мұның бәрін қылмыскерлер алдын ала білген болуы мүмкін. Әзірге ер адамның қалай өлтірілгені әрі оның пәтері өзінің қатысуынсыз қалай сатылып кеткені белгісіз. Қылмыстық іс қазір Ішкі істер министрлігінің бақылауында.
Дереккөз: КТК телеарнасы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Источник: Nur.kz · Айтолқын Адырбай
