Ақтаудағы аурухананың бас бухгалтері ондаған миллион теңге жымқырғаны үшін сотталды

15.10.2026

Ақтауда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының бас есепшісіне бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды өңірлік прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның ресми сайтында хабарланғандай, прокуратураның тексеруі нәтижесінде ауруханада 32 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (Аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмыстық іс қозғалған.

"Тергеу барысында бас есепші танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарына аударып, кейін оларды қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталды", – делінген хабарламада.

Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденген.

Сот үкімімен Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылған.

Сонымен қатар бас есепшінің сыбайласына 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Источник: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева