Big Tech білім беруде: Қазақстан оқу үдерісіне инновация енгізуде

Фото: Gov

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Big Tech екі жетекші компаниясы Google for Education және Microsoft-пен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Серіктестік білім сапасын арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда, Google for Education-пен педагогтер жұмысын оңтайландыру, қазақстандық оқушылардың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған оқу процесін ұйымдастыру үшін озық құралдарды пайдалану жоспарлануда. Ал Microsoft-пен ынтымақтастық бұлтты технологияларды әзірлеу мен енгізуді, сонымен қатар мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруды көздейді.

«Ірі технологиялық компаниялар кеңселерімен меморандумға отыру білім беру жүйесін цифрлық трансформациялаудағы маңызды қадам болып табылады. Осы әріптестік аясында білім беру саласында жасанды интеллектіні этикалық және жауапкершілікпен пайдалануға баса мән беріледі, бұл – қазіргі заманауи технологияларды оқу процесіне интеграциялауда жоғары мәнге ие», — деп атап өтті Алтынсарин академиясының вице-президенті Азамат Жұмахмет.

Естеріңізге салар болсақ, өткен жылдың қаңтарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев компания өкілдерімен кездесіп, тараптар одан әрі ынтымақтастық туралы келісімге келген болатын. Ал одан бір жыл бұрын Алтынсарин академиясы Солтүстік Қазақстан облысында шағын жинақты мектептердің әлеуетін дамыту бойынша Microsoft компаниясымен бірлескен жобаны іске асырған еді.

Қазақстан Білім ЖИ Big Tech